ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОСПАРҒА СӘЙКЕС ЖҮРУДЕ
Бүгін облыс әкімдігінің аппараттық мәжілісінде жылу маусымына дайындық жұмыстары жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин хабарлама жасады. 
Қызылорда облысы бойынша 507 білім беру, 411 мәдениет, 267 денсаулық сақтау нысандарының барлығына (100%) және 640 қазандықтың 630 (98%) жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік нысандарға жылдық жоспар бойынша 37,3 мың тонна көмір, 22 мың тонна дизель отыны қажет. Қажетті отын көлемін жеткізуші мекемелермен келісімшарт жасалып, кезең-кезеңімен жеткізілуде. 
«Қызылорда қаласы және аудан әкімдері тұрғындарға қажетті отын қорын қамтамасыз ету мақсатында өңір кәсіпкерлерімен көмір бағасын өсірмеу мақсатында меморандумдар жасалды. Жалпы алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде және облыстық штабтың тұрақты бақылауында»,-деді М.Усаин.
Сонымен қатар, «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы, Қызылорда қаласының және Шиелі ауданының тозығы жеткен электрмен қамту жүйелерін жаңғыртуда. Осы орайда, жалпы ұзындығы 324 км құрайтын 10/0,4 кВ әуе желісінің 107,5 км және 53 дана қосалқы трансформаторлық қондырғылардың 27 данасы қайта жаңғыртудан өтті.
Облыс орталығын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ететін  «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорыны бойынша №6,9 қазандыққа, 5 дана қуатты трансформаторларға, 17 дана автономды-блокты модульдік қазандықтарға және 9 шақырым кварталішілік жылу желілеріне жоспарланған жұмыстардың 99 % орындалған.
«Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ бойынша осы жылы 1085 км электр желілері, 86 дана әр түрлі кернеулі қосалқы стансаларға күрделі жөндеу, 785 км электр желісіне, 104 дана әр түрлі кернеулі қосалқы стансаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланып, бүгінгі күнге жұмыстардың 95% аяқталды. 
Аймақ басшысы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына қатысты  нақты талап қойып, жеке қадағалауында болатынын ескертті. 
«Әсіресе, әлеуметтік нысандарға жылу үздіксіз берілуі тиіс. Сонымен қатар, ауылдық жерлерге қажетті көмір қоры кешіктірілмей жеткізілуі керек»-деді Қ.Ысқақов.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика